Қаладағы үздік жас мұғалім анықталды
Бүгін №42 орта мектепте қалалық "Үздік жас мұғалім" байқауы өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жас ұстаздары бақ сынады. Мұғалімдердің еңбек өтілі бес жылдан аспауы шарт. Байқауға қатысқан ұстаздар саны 15. Байқау қазақ тілін ту еткен жас ұстаздарды ынталандыруды, кәсіби педагогикалық шеберлігін әрмен қарай ұштауды мақсат еткен. Жарыс үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңнің шарты "Ұстаз-ұлы тұлға" тақырыбына эссе жазу. Екінші кезеңде қазылар алқасының назарына панорамалық сабақтарын ұсынулары тиіс. Ал үшінші кезеңде ұстаздар бойда бар өнерлерін паш етті. Нұрболат Ғаббасовтың ұстаздық ете бастағанына үш жарым жыл толыпты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университеті тарих-филология факультетінің түлегі. Жігіттердің соңғы уақытта бұл салаға мойын бұрмай жүргені рас. Филология саласын бітіргендің көбі мектепке бармай, баспасөз айналасын жағалап кететіні жасырын емес. Нұрболат сирек те болса мамандығына адалдық танытып, мұғалімдік саланың ыстық-суығына күйіп жүргендердің бірі. Байқауға өзін өзі баптап, тас түйін дайын келді. Бағы да қатар шауып бас жүлдені иемденді. Ал екінші жүлдені №26 орта мектеп ұстазы Гүлмира Асқарова мен №53-мектеп мұғалімі Индира Қоңырова өзара бөлісті. Үшінші орын №34 - орта мектеп намысын қорғаған Индира Садырова мен №24 мектеп мұғалімі Анархан Абулғазинаға бұйырды. |
Количество показов: 2198
Дата создания: 02.04.2014 18:14:29