Қаладағы қоғамдық көліктердің жүру кестесі өзгеруі мүмкін
Әз-Наурыз көшесінде көпір салынғалы жолдардағы қозғалыс біраз өзгерді. Асау-барақ көшесі арқылы жүретін қоғамдық көліктердің бәрі қатар көшелерге ауыстырылды да, осындағы тұрғындардың автобуспен қатынауы қиындады. Халық «Автопарк» мекемесіне шағымданып, Асау-барақ көшесімен жүретін ең болмағанда бір бағыт ашуды сұраған. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компания басшылығы №2 бағыттағы автобустарды осы көшеге жіберетін боп шешті. Үлкен өзгеріске №25 бағыттың қозғалыс кестесі ұшырады. Бұл автобус енді Орталық базар, Малышка, Сельмаш, Мәскеу аудандарына бармайды. Құрмыш ауданына дейін қазіргі кесте бойынша жүріп, Акация, Пушкин саябағы аялдамалары, кейін Некрасов, Асау-барақ көшелері арқылы жаңа көпірдің үстімен 11 ықшамауданға шығады. Сонымен бірге, №3 бағыттағы автобустардың сызбасына жаңалық енгізілмекші. Бұл қоғамдық көліктер Батыс-2 ауданына қатынайды. Автобус бағыттарын өзгерту туралы ұсыныс қазір қалалық әкімдіктің қарауында жатыр. Егер ондағылар өзгерістерді бекітсе, қоғамдық көліктер қаңтардың 20-нан бастап жаңа сызбамен жүретін болады. Әкімдікте сондай-ақ, «Автопарк» мекемесінің жолақыны өсіру туралы өтініші талқылануда. Жолақы мәселесі бір-екі күннің ішінде шешілуі тиіс. "Автопарк" директоры Қуаныш Борамбаев егер өтініш қабылданса, жолақы барлық автобуста бірдей - 60 теңге болады деп отыр. |
Количество показов: 2027
Дата создания: 10.01.2014 19:00:36