Қаладағы көлік қозғалысы қиындады
Жаңа көпірдің үстіндегі де, астындағы да көлік қозғалысы бір арнаға түспей тұр. Жаңа көпірдің іске қосылғанына бүгін төртінші тәулік. Көлік жүргізушілері оның пайдасын әлі сезініп үлгерген жоқ. Тіпті көпірдің асты-үстімен жүріп-тұрудың ретіне үйренісе алмай жатыр. Жаңа көпірден 11-ықшам ауданға түсетін қиылыс, бұрылыстарда жаңа бағдаршамдар бүгін орнатылды. Жалпы жолдар күрделі жөнделгелі көшелерге 150-ге жуық белгі орнатылған. 4 жерге бағдаршам қойылды. Ол Шернияз бен Қонаев, Әкімжанов пен Қонаев, Нокин мен Әкімжанов және Әкімжанов пен Кобозев қилыстары. Қозғалыс кестесі басылым беттерінде жарық көрді. Бірақ, газет бетін ашпағандар бар. Сол себепті әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қаланың күрделі жөндеуден өткен көшелерінде де қозғалыс тәртібі өзгерді. Мәселен бұрын бір бағытты болған Жанқожа батыр көшесі енді екі бағытқа ойысты. Күз бойы сұрықсызданып, әбден қазылып, ойылып, сиқы қашқан көшенің жолы демалыста бір тынбастан жөнделіп, жаңа асфальт құйылды. Тек көшеде көліктер кептеліп қалып жатыр. Жол сақшылары бұл маңда да кезекшілік етіп тұр. Бір-бірімен параллель орналасқан Уәлиханов пен Асау-Барақ көшелерін Жанқожа, Әйтеке би, Шернияз және Ахтанов көшелері қиып жатыр. Бұрын Жанқожа, Шернияз, Ахтанов көшелері Уәлихановтан Асау-Барақ көшесіне шығып, кері қарай тек қана Әйтеке би көшесімен қозғалатын. Жанқожа батыр көшесі екі бағытты қозғалысқа көшкелі Әйтеке би көшесіне түсетін салмақ жеңілдеді. Жол қозғалысы өзгеріске ұшыраған барлық жерде қозғалысты реттеуге жол-патрульдік полициясы қызметкерлері жұмылдырылған. |
Количество показов: 2169
Дата создания: 04.11.2013 18:19:02