Қаладағы қалың қар бірінші наурызға дейін шығарылады
Су басу қаупі бар аудандардағы қар наурыздың біріне дейін қала сыртына шығарылып болуы тиіс. Қар шығарумен айналысатын коммуналдық мекемелерге осындай міндет жүктеліп отыр. Таңертеңнен бері "Дорожник" мердігерлік мекемесінің техникасы қалалық сүт зауыты ауданындағы Түрксіб, Ембі, Күншуақ көшелерін қардан тазартып жатыр. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қуандық Қасымовтың айтуынша, көктемде су басу қаупі жоғары бұл ауданның Дубинина, Суворов, Шевченко, Гоголь, Гастелло, Қандыағаш көшелерінің қары наурыздың біріне дейін аршылатын болады. Қыс басталғалы қала сыртындағы полигонға 114 мың тонна қар шығарылған. Бұл шараға жергілікті бюджеттен 300 миллион теңге, ал су тасқынының алдын-алу жұмыстарына 68 миллион теңге бөлінген. Қары аршылмайтын көшелердің арықтары тазартылады. Бұдан басқа Сәңкібай батыр даңғылы, Елек көшесіндегі арықтар, Благодар тас жолының бойы еріген су еркін ағып кетуі үшін қоқыстан, қардан арылтылады. Оңтүстік-Батыс ауданындағы орталық көшелерден қар шығарылады. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевтың айтуынша, наурыздың бірінен бастап әкімдік мамандары саяжайларды аралауға шығады. Көктемгі тасқын кезінде суға кету қаупі жоғары бау-бақша ұжымдарының тұрғындарына ескерту жасаудан басқа шара қолданылмайды. |
Количество показов: 1932
Дата создания: 19.02.2014 17:58:46