Қалада учаскелік полиция инспекторлары тапшы
Учаскелік полиция инспекторларының тұрғындар алдындағы имиджін көтеріп, оларды автокөлікпен қамтып, өзі қоғамдық тәртіпті қадағалайтын аумақта қызметтік пәтер беруді сұраймыз. Бүгін ішкі істер басқармасында облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен кезекті отырыс кезінде облыстық ІІД басшылығы атқарушы билікке осындай ұсыныстарын жеткізді. Қазір қаладағы қоғамдық тәртіпке 114 учаскелік полиция инспекторы мен 9 көмекшісі жауап береді. Олардың тынымсыз тірлігінің арқасында қыруар шаруа тыныдырылған. Қарапайым халық пен шенді-шекпендінің арасында тығыз қарым-қатынас, сенім орнасын деген мақсатпен 700 есептік кездесулер өткізілген. Қалалық ішкі істер басқармасы басшылығы әрбір учаскелік полиция инспекторы жұмыс уақытының көп бөлігін өзі бақылайтын аумақта өткізуін қадағалап отырады, дейді облыстық ІІД бастығының орынбасары Қаныбек Жақсығалиев. Оларды қызметке қабылдауда кәсіби деңгейі де ескерілген. Қаладағы 97 учаскелік полиция инспекторының 80-інің жоғары заңгерлік білімі бар, қалғандары - ЖОО-да білім алып жүр. Учаскелік полиция инспекторлары алдын алу шараларына барынша назар аударғанымен, жазасын өтеп келгендердер жасайтын қылмыс көрсеткіші төмендемей тұр. 3,4 пайызға артқан. Сараптай келе, оның себебін тәртіп сақшылары жазасын өтеу орындарында отырып келгендердің жұмыссыз жүргендігінен іздеді. Өткен жылы бұрын сотталған 359 адам қайтадан қылмысқа барған. Полицейлер бұрын істі болғандарды жұмыспен қамтуға да тырысқандықтарын айтады. Тіркеуде тұрғандарға арнап "Жұмыс іздеймін" акциясын өткізген. Бірақ, бұрын абақтыда отырып келгендердің басым көпшілігі жұмыс істеуге құлықсыздық танытқан. Бүгінгі отырыс кезінде атқарылған жұмыстардан бөлек, учаскелік инспекторлардың өзекті мәселелері де көтерілді. Қаныбек Жақсығалиев учаскелік инспекторларға қызметтік пәтер мен қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын беруді сұрады. Әйтпесе, жауапкершіліктен жалтарғандарды сот органдарына мәжбүрлеп жеткізу кезінде өзіне ғана емес, оларға да жолақысын төлейтін жайттар кездескен. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін барлық учаскелік полиция бекеттерінде ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр. Жобаның артықшылығы - әрбір инспектор күдікті туралы ақпаратты дер кезінде алады, әрі қағазбастылықтан құтылады. Әрбір адам туралы ақпарат блоктарға бөлініп, электрондық карталарға енгізіледі. Аталған жүйені өзге қызмет түрлері де пайдалана алады. Комиссия отырысының соңында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы департаменттерінің басшыларына облыстық ІІД басшылығымен бірлесе отырып 2013 жылдың бюджеті есебінен учаскелік полиция бекеттерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға, қосымша учаскелік полиция инспекторларын қызметке алуға, көп қабатты үйлердің ауласына бейнекамералар орнатуға қаражат бөлуді қарастыруға ұсыныс жасалды. |
Количество показов: 2811
Дата создания: 28.02.2013 19:01:06