Қалада таза бейсенбілік өтті
Бүгін Ақтөбеде таза бейсенбілік өтті. 7 сәуірде басталған тазалық акциясына алдымен бесінші мөлтек ауданның тұрғындары атсалысты. Қолдарына күрек, тырмаларын алып шыққан тұрғындар ауланы қыс бойы жиналып қалған күл-қоқыстан тазартты. Лақтырылған бөтелкелер мен шашылған қағаз қалдықтарын жинады. Тал-теректің түбін әктеп, балалардың әткеншектеріне дейін сүртті. Бір күн өткізілген акция аясында қаланың айнадай тазармайтыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, біз тамшыдай болса да табиғатты аялауға үлесімізді қоссақ дейді, жастар. Бірауыздан "Тазалық-баршамызға ортақ іс" деген Ақтөбе гуминитарлық колледжінің студенттері ертемен 312-атқыштар дивизиясы даңғылын, қаладан Қурайлы ауылына барар жолды бей-берекетсіз шашылған қоқыстардан тазартты. Тазалық науқанына 33 колледж бен 100-ге жуық мекеме қызметкерлері жұмылдырылады. Олар тазалық жұмыстарын бейсенбі, сенбі күндері жасайды. Шамамен екі ай бойы қаладағы жалпы көлемі 5,8 миллион шаршы метр аумақ тазартылуы тиіс. Маусым кезінде «Таза қала» мекемесі күл-қоқысты қала сыртына шығарумен айналысады. Өткен жылы жарияланған тазалық маусымында қала аумағынан 15 мың тонна күл-қоқыс полигонға жеткізілген. Ал, өткен төрт күнде қала аумағынан шамамен 500 тонна қоқыс сыртқа шығарылды. |
Количество показов: 2391
Дата создания: 10.04.2014 18:06:55