Қалада тағы бір перзентхана ашылды
Былтыр ғана пайдалануға берілген облыстық көп салалы аурухананың жанынан бүгін жаңа перзентхана ашылды. 25 кереуетке шақталған босану үйінде аналарға барлық жағдай жасалған. Мереке қарсаңында лентасы қиылған перзентханада алғашқы болып Кеңқияқ ауылының тұрғыны Жаңылай Тілеужан қыз баланы дүниеге әкелді. Жас ана бұл күнді асыға күтіпті. Сол себепті бөбектің есімін алдын ала дайындап та қойыпты. Тұңғышына ол Жанель есімін таңдады. Заманауи талапқа сай келетін перзентханада Жаңылайдан басқа тағы екі жас босанушы жатыр. Таң ата түскен аналар жеке бөлмелерге жатқызылған. Әр бөлме кең, жарық, мынадай таза трансформер кереуеттер бар. Трансформер кереуеттер аурухананың 4 бөлмесіне қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, аналар босануы қиындағанда осы бөлмелерге жеткізіледі. Әр кереуеттің басында дабыл тетігі орнатылған. Мұндай тетіктер жуыну бөлмелеріне, тіпті әжетханаларға да қондырылыпты. Перзентхана бөлімшесінде екі ота жасау бөлмесі де бар. Былтыр ғана пайдалануға берілген 300 орындық көп салалы аурухананың құрылысына республикалық бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген болатын. Жалпы аумағы 65 мың шаршы метрді құрайтын үлкен кешен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында тұрғызылды. 4 блок пен 20 бөлімнен тұратын аурухана заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мұнда қазір жұмыс жасап жатқан дәрігерлердің біразы Ресей мен Оңтүстік Кореяда арнайы оқып келгендер. |
«Тәулік» бағдарламасының толық нұсқасын мына сілтемеден қараңыз
Количество показов: 2220
Дата создания: 06.03.2014 18:51:29