Қалада қосымша 10-ға жуық мұз айдыны құйылады
№26 мектептің оқушылары бүгін түстен кейін «Металлургтер» мәдениет үйінің алаңына жиналды. Мұнда «Шынықсаң, шымыр боларсың» эстафетасы өтті. Ал, алаң қысқы спорт түрлеріне лайықталмаған. Тар, әрі мұз айдыны жоқ. Соған қарамастан, балалар шаңғы, коньки теуіп, ойынның қызығына батты. Оқушылардың айтуынша, олар әдетте коньки тебу үшін жақын маңдағы жеке дене-шынықтыру-сауықтыру орталығындағы мұз айдынына барады. Бірақ, ол жерде сырғанау ақылы. Дегенмен, қалада тегін мұз айдындары да бар. Дене тәрбиесі және спорт бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінгі күні біздің шаһарда 20-дан астам мұз алаңдары жасақталған. Оның жетеуі - қала маңындағы ауылдарда. Алдағы екі аптаның ішінде Ақтөбеде коньки тебетін тағы 10 шақты алаң жасалады. Олар мектептер жанында орналасады. Мұз айдындарын құю «Тазалық» және «Таза қала» коммуналдық мекемелеріне жүктелген. Су «Ақбұлақ» АҚ-ынан. Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Ескендірбек Махановтың сөзінше, бұған дейін №5 және №36 мектептердің аулаларында құйылған мұз айдындарында су қатпай жатып қар жауып, алаң пайдаға аспай қалды. Олар қалпына келтіріледі. Ал, шаңғы тебуді жөн көретіндердің ермегі қала сыртында. Айта кетер жайт, Сочиде Қысқы Олимпиада басталатын күні - ақпанның жетісінде Ақтөбеде жаппай шаңғы жарысы ұйымдастырылады. Шара Тұңғыш Президент атындағы саябаққа қарама-қарсы аумақта өтеді. Жарысқа кез келген адам қатыса алады. Тек шаңғысын өзі ала келуі керек. |
Количество показов: 3022
Дата создания: 23.01.2014 18:50:50