Қалада көкөніс қоры жеткілікті
Тұрғындар қыста көкөністен тарықпайтын болады. Қаладағы көкөніс қоймасында жеткілікті қор жинаулы. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова осылай деп мәлім етті. Бүгін қала әкімі жанындағы азық-түлік өнімдерінің сапасы мен көлемін бақылайтын комиссия мүшелері қойманы аралап, жұмысымен танысты. Көкөніс қоймасында ең көп сұранысқа ие көкөністерді сақтауға маңыз берілген. Картоп, жуа, қырыққабат, қызылша мен сәбіз бөлек-бөлек сақтаулы. Қоймадағы ауа температурасы да бақыланып отырады. Көкөніс қоймасының басшысы Азамат Жексембиевтің айтуынша, биыл қысқы маусымға 1620 тонна көкөніс қорын жинау жоспарланған. Оның 1000 тоннасы картоп, 250 тоннасы пияз, қалғаны қырыққабат пен қызылша. 1-ші желтоқсанға дейін әзірлік жұмыстары толық аяқталады. Қала оңтүстік өңірлердің көкөнісіне тәуелділіктен арылып келеді. Биыл қойманың жартысын жергілікті "Пригородный" шаруашылығы мен "Джан" ЖШС-нің көкөнісі толтырды, дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова. Комиссия мүшелері қоймадағы өнімнің сақталуын, сапасын тексерді. Көкөністер қаңтар, ақпанда саудаға шығарылады. Қала тұрғындары жергілікті өнімді арнайы павильондардан, коммуналдық базарлардан сатып ала алады. |
Количество показов: 2060
Дата создания: 22.11.2013 19:24:28