Қала, облыс әкімдері су қоймаларын аралады
Облыс және қаланың қос әкімі бүгін Қарғалы, Ақтөбе, Сазды су қоймаларының жайымен танысып, су шаруашылығы қызметіне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қарғалы су қоймасы облыстағы ең ірі су нысандарының бірі. 1975-ші жылы салынған. Облыстық су шаруашылығы мекемесінің басшысы Бекзат Нәметов су қоймалары 100 жылға арнап салынады, сондықтан Қарғалы өз мерзімін өтеп болды деп айтуға ерте дейді. Көктемгі су тасқынына да төтеп беруі қажет. Қарғалы су қоймасына 280 миллион текше метр су сыяды. Бүгінде 80 миллион текше метр ылғал жиналып тұр. 30 пайызға толық. Су тасқыны кезінде 240 миллион текше метр су келеді деп күтілуде. Қарғалы су қоймасын күрделі жөндеуге биыл бюджеттен 101 миллион теңге бөлінген. Тендер өткізілген. Су тасқынының арты жаңбырға ұласып кетпесе, еш қиындық туындамауы керек. Су шаруашылығы басшылығы судың ерте, қатты ағыспен келуінен, әрі жауын-шашынға ұласып кетуінен қауіптеніп отыр. Ол уақытта топан судың алдын алу қиынға соғады. Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы 240 миллион текше метр. Қазір 49 пайызға толы. Мұнда да 1,5 есеге ылғал артық келеді деген болжам бар. Ақтөбе аумағындағы су-тоғандар Ресейдің өзен-көлдерімен жалғасып кетеді. Су шаруашылығына жауапты мекеме басшылығы су өтетін жерлердің барлығында адамдар мекен етіп жатқан елді мекен, ауылдар су деңгейінен жоғарыда орналасқан деп сендіріп отыр. Ал су қоймаларына ылғал наурыздың аяғы мен сәуірдің басында түседі. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов онсыз да стратегиялық нысан болып саналатын су қоймаларын күні-түні күзетке алуды тапсырды. |
Количество показов: 2433
Дата создания: 13.03.2014 18:45:45