Қала әкімі есеп берді
Өңірде шаһар басшысы Ерхан Омаровтың тұрғындар алдында есеп беру кездесулері жалғасуда. Бүгін тұрғындармен "Трансэнерго" АҚ-ның мәжіліс залында кездескен қала әкімі "Ақтөбе қаласының 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2014 жылға арналған міндеттері" тақырыбында баяндама жасады. Онда Ерхан Омаров Ақтөбе агломерациясын құру үшін тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелеріне кеңірек тоқталды. Өткен жылы өңір экономикасы өнеркәсіп өндірісі есебінен өсті. Негізгі капиталға 163 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл қаржы алдыңғы жылғымен салыстырғанда үш есе көп. Қазіргі таңда қаланың индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 18,5 млрд. теңге болатын 27 жоба жүзеге асырылуда. Мұнымен бірге, өткен жылы жалпы көлемі 2 млрд. теңге болатын 10 нысан іске қосылып, осының негізінде 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 2013 жылы 9 қолдан ұрықтандыру орталығы алғаш рет іске қосылды. Мұнан әрі әкім тұрғындарды жұмыспен қамту, қолжетімді тұрғын үй, тұрғын үй шаруашылығын жаңарту, қаланы көркейту және көріктендіру бағдарламаларының қалай орындалып отырғанына талдау жасады. Жол жөндеу, мектеп пен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің құрылысы мәселелерін қозғады. Жыл сайын қала бюджетінің 70 пайызға жуығы білім мен денсаулық саласына бөлінеді. Былтыр 192 млн теңгеге 13 білім нысаны жөнделіп, Ақжар, Жаңақоныс, Қурайлы ауылдары мен Оңтүстік-Батыс аудандарында шағын дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Оңтүстік-Батыс ауданында 2013 жылдың ақпан айында 600 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Кездесу соңында шаһар басшысы азаматтардан келіп түскен сауалдарға жауап берді. Сауалдар негізінен жаңадан бой көтеріп жатқан аудандарға автобус жіберу мәселелеріне қатысты. Ерхан Омаров құрылыстар әлі де салынатын жаңа аудандарға әуелі инфрақұрылымдар толықтай тартылу керек деп жауап берді. Дегенмен бұл мәселелер көп кешікпей жолға қойылады деп уәде етті. |
Количество показов: 2133
Дата создания: 04.02.2014 18:32:44