Қала әкімі есеп берді
Астана ауданының тұрғындары алдындағы есеп беру жиыны осы ауданның әкімі Бағжан Тілегеновтың баяндамасымен басталды. Астана ауданы құрамына бес ауылдық округ пен тұрғындары күн санап өсіп келе жатқан Батыс-2 ауданы кіреді. Соңғы ауданда мектеп жетіспейді. Екінші болып мінберге көтерілген қала әкімі жұртшылық алдында 2019 жылға қорытынды жасады. Сандарды сөйлеткен басшы қаланың дамуына жоғары баға берді. Доңыз жылы кәсіпкерлер саны артқан. Орта бизнес саласында 160 мың ақтөбелік еңбек етіп жүр. Жұртшылық ауыл шаруашылығын дамытуға бет бұрған. Тағы бір қуанышты жағдай былтыр баспанаға қол жеткізушілер саны артқан. Қос әкімнің баяндамасын тыңдаған тұрғындар өз сауалдарын да жолдады. Мәселен қала тұрғыны Жақып Әбілғазыұлы "Трансэнерго" АҚ -ның "Ақбұлақ" АҚ-на қосылғанына наразылығын білдірді. Ірі мекеме талан-таражға салынды, көп қызметкер жұмыссыз қалды деген уәж айтты. Астана ауданының байырғы тұрғыны Бақытжан Құрманов шаһардағы тәртіпсіздікке, тазалықтың сақталмай келе жатқанына наразылығын білдірді. Тұрғындар қалашығында тұратын ол былтыр жаздан бері қалыптасқан қоқыс мәселесінің шешілмей отырғанын сынға алды. Қаладағы мәселені айта берген соң мені құзырлы мекемелер есігінен кіргізбейтін болды дейді ақсақал. Тұрғындардың мұқтажын тыңдаған қала басшысы орынбасарларына тапсырма беруге уәде етті. Қаңтар айы басталғалы бері екі ауданда халықпен 16 кездесу өткізілген. 2300 тұрғын әкімдердің есебін тыңдаған. Жұртшылықтан 200 сұрақ түскен. Сауалдардың басым бөлігі балабақша, білім, мәдениет нысандарын салу, ауыз су, баспанамен қамтамасыз етуге қатысты. Қала басшысымен келесі кездесу ертең түстен кейін Алматы ауданындағы "Геолог" мәдениет үйінде өтеді.
Количество показов: 1135
Дата создания: 30.01.2020 19:07:13