Қалаға шыршалар орнатыла бастады
Қала көшелеріне жаңа жылдың басты сәні- жасыл шыршалар орнатыла бастады. Сәнді шыршалар 20-желтоқсанға дейін саябақтар мен гүлзарларда, даңғылдар мен алаңдарда, сауда орындары, ауылдық округтерде орнатылып болмақ. Ал, осы аптаның соңына дейін Тұңғыш президент атындағы саябақта ұзындығы 30 метр болатын қаланың ең биік жасыл шыршасы тұрғызылады. Қалада биыл 80-ге жуық шырша орнатылмақ. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 20-ға көп. Қазір көшелерді мерекелік күйге енгізу үшін Ақтөбеде жаппай шырша орнату науқаны басталды десек артық емес. Айтқандай, шыршалардың барлығы-жасанды. Мына секілді мәңгі жасыл желектерге пластмассадан істелінген ойыншықтар ілінген. Себебі жасанды ағаш шыны ойыншықтарды көтермей құлап қалуы мүмкін. Айта кетелік, кеше Алматы қаласының орталығында шырша отқа оранды. Мұндай оқиғаларды өңірде болдырмау мақсатында шыршаларды орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері толық сақталуда. Дегенмен, алғашқы шыршалар сауда-ойын сауық орталықтарында, гипермаркеттер, банк бөлімшелерінің алдында желтоқсан айы басталысымен орнатылды. Жаңа жылдың басты нышанымен дүкендер мен ғимараттардың, дәмхана мен мейрамханалардың сырты безендіріліпті. Жергілікті бюджет есебінен бірлік және келісім гүлзарында, облыстық әкімдік алдында, Тұңғыш президент атындағы орталық саябақта, Ақтөбе әуежайының алаңында шыршалар бой көтермек. Ал, Әбілқайыр хан, Ә.Молдағұлова даңғылдары, 5 ықшам ауданындағы көпірдің үсті жақын күндері мерекелік жарық шамдарымен безендіріледі. |
Количество показов: 2021
Дата создания: 12.12.2013 19:12:54