"Алғыс айту" күні қарсаңында қала жастары тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады
Ертең "Алғыс айту" күні. Қалада мерекелік шаралар басталып та кетті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен бір топ қыз-жігіт сауда орындары мен адам көп жүретін аялдамаларды аралап жүр. Құттықтау хаттар мен кәдесый таратып жүрген жастарға ақтөбеліктер алғыстарын жаудырып жатты. Бүгін сауда орталығының бірін аралаған бұл топ сатушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты. Қолдарына домбыра ұстаған ұлттық киімдегі қыз-жігіттерді алғаш көргендер де таңданысып қалып жатты.Осылайша сатушыларға "Алғыс хаттар" мен ұлттық нақыштағы шағын естелік сыйлықтар таратып жүргендер қалалық әкімдікте жұмыс істейтін жастар. 1-ші наурыз "Алғыс айту" күніне орай мерекелік шараның жоспарын да жастардың өздері ұсыныпты. Көпшілікке мерекелік көңіл- күй сыйлап жүрген бұл топ ертең кешке дейін қаланың барлық аудандарын аралап шығамыз деп отыр. Бүгін түстен кейін олар базарлар мен ірі сауда орындарында болып, тұрғындарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
Количество показов: 816
Дата создания: 28.02.2023 11:57:43