Ахтанов пен Шаңғытбаевтың ескерткіші ашылды
Бүгін Ақтөбеде айтулы күн. Қалада қазақ әдебиетінің мақтаныштары - жерлестеріміз жазушы, драматург Тахауи Ахтанов пен ақын Қуандық Шаңғытбаевқа ортақ ескерткіш пайда болды. Тахауи Ахтановтың туылғанына биыл - 90 жыл. Қазақ оқырманына «Боран» романымен танылған тұлғаның мерейтойын қыркүйек айында ел болып атап өттік. Ахтанов көшесінің бойына драматург және оның жақын досы, халқымыздың тағы бір біртуар азаматы, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың құрметіне ескерткіштің тас белгісін орнаттық. Дайын болған ескерткішті ашу үшін бүгін қала халқы сол жерге тағы жиналды. Тарихи сәтке Тахауи Ахтановтың ұлы - Дулат, Қуандық Шаңғытбаевтың балалары: Жәнібек, Жанна, Гауһар, қарындасы Әмина куә болды. Жақында «Қуандық Шаңғытбаевтың әдеби мұрасы» атты бестомдық кітабы шыққан. Сиясы кеуіп үлгермеген топтаманы ақынның қызы Гауһар бүгін қала әкімі Ерхан Омаровқа сыйға тартты. Ескерткіштің бетіндегі ақ пердені сыру рәсімін Дулат Ахтанов пен Жәнібек Шаңғытбаев жасады. Қола ескерткіш екі мүсін түрінде жасалған. Драматург Т.Ахтанов орындықта отыр, ал оның жанында досы әрі жерлесі, ақын Қуандық Шаңғытбаев тұр. Ескерткіштің биіктігі 3 жарым метр. Еңбектің авторы - жас мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Мүсінші ескерткішті тоғыз ай жасаған. Қаланың көне бөлігінде орын тепкен ескерткіш шаһардың символына айналып, ал оның маңындағы саябақ кітапқұмар ұрпақ жиналатын орын болсын деген тілекпен тарасты көпшілік қауым. |
Количество показов: 4480
Дата создания: 30.12.2013 18:22:55