Ақтөбенің келер жылғы бюджеті бекітілді
Келер жылы қала қазынасынан жұмасалатын қаражат көлемі 14 млрд. теңгеден аспақ. Бұл жөнінде бүгін өткен қалалық мәслихаттың сессиясында белгілі болды. Шаһар бюджетінен бөлінетін қаржының басым бөлігі, яғни 60 пайыздан астамы білім беру саласына бағытталса, ал түрлі әлеуметтік төлемдер мен халықтың әлеуетін көтеруге 933 млн. теңге қарастырылған. Алдағы жылдың қазынасы республикалық және облыстық трансферттер есебінен де толығатын болады. Ақтөбенің келер жылғы құрылысына құйылуы тиіс мұндай трансферттердің жалпы көлемі 20 млрд. теңгеден асып жығылады. Аталған қаржы негізінен жаңа білім беру мекемелері мен әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалмақ. Шаһарымыздың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына да келер жылы қомақты қаржы бөлінбек. Қаланы көріктендіру мен қоғамдық көлік қатынасының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге бюджеттен алдағы жылға 1 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Сондай-ақ 2013 жылы төл мәдениетіміз бен тіліміздің дұрыс дамуы да билік өкілдерінің басты назарында болмақшы. Осы мақсатта қала басшылары жылан жылы 500 млн. теңге жұмсауды көздеп отыр. Тұрмысы төмен отбасыларға төленетін төлемдер көлемі де артқан. Жалпы алдағы жылы шаһар бюджетінің кіріс бөлігі 34 млрд. 949 млн. теңгені құрайды. Оның 20 млрд-тан астамы облыстық және республикалық трансферттер болса, ал 14 млрд. теңгесі салық түсімдерінен құралады. Сондай-ақ келер жылы Ақтөбедегі төменгі жалақы мөлшері 18 660 теңге, ал төменгі зейнетақы деңгейі 19 066 теңге болып белгіленген. |
Количество показов: 2247
Дата создания: 20.12.2012 18:53:58