Ақтөбеліктер жұмыс, баспана сұрайды
Қалада құрылыстан бос жер қалмады. Көп қатарлы үйлер үсті-үстіне салынып жатыр. Қолы ұзын бір адамның басында 5 пәтер. Ал он шақты баласы бар ана бір баспана алу үшін 10-15 жылдап кезек күтуге мәжбүр. Бірінің жағдайы бірінен мүшкіл. Барлығы да жергілікті биліктің есігін тоздырған. Бүгінгідей жиындардан бірдеңе шешіледі дегенге өздері сенбейді. Сонда да көппен көрген ұлы той. Жетім баққан аналар мен жасы 80-нен асса да басыбайлы баспанаға қол жеткізе алмай жүрген қариялар да осында. Енді бірі жұмыс таба алмай сандалып жүр. Тұрғындарды жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс бөлімдері мен "Ақбұлақ", "Трансэнерго" секілді коммуналдық мекеме мамандары қабылдады. 13-ші ақпанға дейін Алматы, Астана аудандарының әкімдіктерінде, драма театрында және Халықтық кеңсе ғимаратында қабылдау жалғасады. Мамандар таңғы сағат оннан кешкі алтыға дейін жұмыс жасайды.
Количество показов: 1817
Дата создания: 11.02.2019 18:21:18