Ақтөбеліктер саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
«Халық жауы» атанып, қудаланған жандардың ортақ моласына айналған орын кеңес кезінде құпия сақталған еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, тарихи жердің сыры ашылды. Білетіндердің сөзінше, Түйетөбе басында мың жарым адам атылып, көмілген. Ескерткіш қойылған мына мәрмәр тастың астында 14 боздақтың сүйегі жатыр. 31-мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде 1997 жылы бекітілді. Сол жылы Түйетөбе басына ескерткіш орнатылды. Содан бері жыл сайын осы күні жазықсыз атылғандардың ұрпақтары ескерткіш басына келеді. Түйетөбеге келгендердің тағдырлары ұқсас. Бірінің атасы, енді бірінің әкесі сталиндік солақай саясаттың құрбаны болған. НКВД жендеттері бір үйдің бірнеше адамын әкеткен кездер де жоқ емес. «Халық жауы» атанған азаматтардың өздері де, жақындары да бейнет көрді. Әйелдер жұмыстан, балалар оқудан қуылды. 1920-50 жылдардың аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған деген деректер бар. Ақтөбеде сталиндік репрессия 7 мың адамды жалмады. Жазықсыз қуғындалған жерлестеріміздің алды сексенінші жылдары, енді бірқатары 1993 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң шыққаннан кейін ақталды.
Количество показов: 2073
Дата создания: 02.06.2014 17:40:34