Ақтөбеліктер Астана күнін атап өтті
Елорданың туған күніне арналған басты мерекелік шаралар бүгін Тұңғыш президент атындағы орталық саябақта өтті. Таңертеңнен бастап орталық саябақта әуен әуеледі. Қала қонақтары мен тұрғындары қалалық мәдениет бөлімі мен «Достық» үйінің өнерпаздары ұйымдастырған «Астана - асыл-ән қалам» атты мерекелік концертті тамашалады. Жергілікті өнерпаздар ән айтып, күй тартты. Астана күнімен ақтөбеліктерді қала әкімі Ерхан Омаров келіп құттықтады. Қала басшысы жақында «Евразия» бірінші каналындағы «Қазақстанның үздік қаласы» тележобасында бірінші орынды жеңіп алған ақтөбелік топты марапаттады. Байқауға қатысып қана қоймай гран-приді иемденген сәнгер, оқытушы, қаржыгер, банк қызметкері, зауыт жұмысшысынан құралған топ өкілдерінің атағы қазір жер жарып тұр. Тележобада бірнеше тілде ән салып, би билеген жерлестерімізге қала әкімі Ерхан Омаров алғыс хаттар табыстады. Астана күніне ақтөбелік суретшілер де арнайы тарту жасады. Көрмеге елімізге танымал жергілікті суретшілер Айдар Еспаевтің, Ғалымжан Сүйінбаев, Баяндин, Верещягиндердің 20-ға жуық еңбегі қойылған. Олар Астана мен Ақтөбенің кµрікті жерлерін майлы бояудың құдіретімен шынайы бейнелеген. Суретті тамашалаған жерлестеріміз елорданың әсем келбетіне тамсанатындарын жасырмады. Алда көркейе түссін деген ақ тілектерін жолдады. Саябақта ақтөбелік зергерлердің көрмесі де ашылды. Түрлі қолөнер шеберлерінің қолынан жасалған бұйымдар қала қонақтарына ерекше ұнап жатты. Орталық саябақтағы Астана күніне арналған концерттік шаралар түн жарымға дейін жалғасады. Ал, жастар үшін би кеші ұйымдастырылмақ.
Количество показов: 2170
Дата создания: 06.07.2014 17:23:55