Ақтөбелік 10 отбасы жаңа жылды Лапландияда қарсы алады
Жаңа жылды естен кетпестей қылып өткізгісі келетіндердің бір тобы шетел асады. Бүгінге дейін Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия секілді жағажайы бар, ыстық мемлекеттерге барғысы келетіндердің саны көп болса, бұл жылы көпшілігі Санта Клаустың мекені Лапландияға саяхат жасауға бекініпті. Санта турда қыдырушылар мұз қалашыққа саяхат жасап, ит, бұғы жеккен шанамен аралап, уақытын ертегідей өткізе алады. Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан барлығы шетелде де жанұясымен бірге қарсы алғанды қалайды екен. Ақтөбеден мұндай ерекше сапарға 10 отбасы аттанып барады. Бағасы кісі басына 1000 еуро. Отандастарымыздан қыдыру үшін ең көп сұраныс Еуропаға түсетін көрінеді. Әзірге Африка құрлығында ешкім жаңа жылды өткізуге тәуекел ете қоймапты. Лапландияға жолы түспегендер еліміздегі туристік базаларда демалады. Олар мерекені жыл иесі жылқы секілді таза ауада, қозғалыс үстінде өткізуді жөн көретіндер. Жыл бойғы жұмыстан, компьютер алдынан алыстағысы келетіндерге сейіл үшін нағыз таптырмайтын мекен. Демалыс орындары есігін желтоқсанның жиырмасынан бері айқара ашып, дамылсыз жұмыс істеуде. Шетелге қалтам жұқа, ал салқын күн, қозғалыс, шаңғылату маған қол емес дейтіндер бар. Олар үшін жаңа жылды есте қаларлықтай етіп өткізудің жолы мейрамханаларда көңіл көтеру. Ресторандағы думанды ұйымдастырушылар болса өздерінің таңғажайып қойылымдарымен келгендерге орта ғасыр атмосферасын сезіндіреміз, ерекше шоумен тәнті етеміз деп отыр. Жанды музыка, сиқыршылар, түрлі, қызылды-жасылды көрсетілімдер, дәмді мәзірлер қала халқына өзгеше демалыс, тамаша көңіл-күй ұсынбақ. |
Количество показов: 1996
Дата создания: 31.12.2013 13:26:09