Ақтөбеге мәжіліс депутаттары келді
Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысының айтқан сынынан жергілікті атқарушы органдар қандай нәтиже шығарды? Мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асырылып жатыр? Қаламызға жұмыс сапарымен келген ҚР парламенті мәжілісінің депуттары осы сауалдарға жауап іздеді. Халық қалаулылары өндіріс орындарын аралап, олардың жұмысымен танысты. Жұмыс сапарын депутаттар Гүлжан Қарағұсова мен Татьяна Яковлевалар өндіріс орындарын аралаудан бастады. "КТП" ЖШС ауыл шаруашылығында қолданылатын тұқым себу қондырғысымен таныстырды. Бұл- академик Валентин Двуреченскийдің ойлап тапқан қондырғысы. "КТП" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы тұқым себу құралын шығаруға рұқсат алған. Әзірге тек біздің өңірде ғана шығарылып жатыр. Жаңа қондырғының артықшылығы- айналғыш тетіктері қопсытылған жерді аударып отырады, ал бункердің сыйымдылығы - 700 келі дәнге есептелген. Қондырғының бес дән сепкіші бар. Кәсіпорынның шаруалардан сұраныс болса, жыл сайын 50 тұқым сепкіш шығарып отыруға шамасы жетеді. Депутат Гүлжан Қарағұсова қондырғының маңыздылығын ескеріп, отандық өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау керектігін айтты. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қаржы мамандарымен кездесті. Салық және бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерді талқыға салды. Депутат Гүлжан Қарағұсова мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелерге кеңірек тоқталды. Кездесуден соң, Мәжіліс депутаттары "Стройдеталь" ЖШС-нің өндірістік цехын аралап көрді. Мәжіліс депутаттарынан құралған ақпараттық топ тағы да бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, ертең Мәртөк ауданына барады. |
Количество показов: 1814
Дата создания: 28.11.2013 19:21:22