Ақтөбедегі ұн шығаратын үш комбинатты тексеріп жатыр
Қалада ұн мен шекер бір қолға 5 келіден артық сатылып жатқан жоқ. Теңге құлдырағалы бағалары да көтерілді. Қазір монополияға қарсы күрес инспекциясы "Корона", "Ақтөбе нан комбинаты" және "Жаңа Әлжан" диірмен комбинаттарын тергеп-тексеріп жатыр. Компаниялар ұн бағасын себепсіз шарықтатты деген күмән бар. Монополияға қарсы күрес инспекциясы берген мәлімет бойынша, "Жаңа Әлжан" диірмен комбинаты 50 келілік қапшықтағы жоғарғы сұрыпты ұнның келісін бұрын 68 теңгеден сатса, қазір 77 теңге. 25 келілігі 69 теңгеден сатылса, қазір келісіне 79 теңге. 1 келілігі 102 теңге. Бірінші сұрыпты ұн да дәл осылай келісіне 10 теңгеден қымбаттап кеткен. "Рамазан" ЖШС басшысы Орынбасар Мусин ұн бағасының сақталғанын айтты. Бірақ, дүкендерде "Рамазан" ұндары екі және бес келілік қалталарда ғана сатылады. Қапшықтап сатылымға шығарылып жатқан жоқ. Тұрақтылық қорында "Жаңа Әлжан" диірмен комбинатының ұны бар. Ал шекер болса Ақтөбеге Алматыдан жеткізіледі. Қалада келісіне 137 теңгеден сатылымда. Шекерді де қапшықтап сатып ала алмайсыз. Бір қолға 5 келіден артық берілмейді. Мұндай шектеуді жергілікті билік енгізген. Олай етпесе қалада азық-түлік қоры таусылып, тұрғындар арасында дүрбелең тууы мүмкін. Және бұл баға тұрақтылығын сақтау үшін жасалған амал. Тұрақтылық қорында қалып тұрған көкөністер сәуірдің алғашқы онкүндігіне дейін сатылып болуы қажет деп отыр қалалық кәсіпкерлік бөлімі. Наурызда картоп бағасында өзгеріс байқалуы мүмкін. |
Количество показов: 2180
Дата создания: 03.03.2014 17:59:07