Ақтөбеде жылына 30-35 балаға бет-жақ отасы жасалады
9-ақпанда тіс дәрігерлері дүниежүзілік стоматология күнін атап өтті. Медицинаның бұл саласы, оның ішінде балалар стоматологиясы біздің өңірде қарқынды дамуда. Бұрын баланың өсуін күттірген қоян жырық, жырық таңдай секілді бет кемшіліктерінің оталары қазір нәресте туылғаннан жасалады. Төрт жасар Хасан Талғар қоянжырық болып туылды.Тоғыз айында бүлдіршіннің үстіңгі ерніне, екі жасында таңдайына ота жасалған. Қазір арнайы медициналық пластинаның көмегімен Хасанның тістері мен жақ сүйектері қалпына келтіріліп жатыр. Әжесі жылына бес рет немересін осы орталыққа әкеліп, ем-домын жасатып жүр. Бұрын дәрігерлер қоян жырықпен дүниеге келген сәбидің ер жеткенін күтетін. Қазір ерні мен таңдайында жырығы бар балаға ота туған кезде жасалады. Егер оның денсаулығы мүмкіндік бермесе, нәрестенің ауыз қуысынан алынған қалыпқа сай, пластина салынады. Операцияға 2-3 айдан соң жатқызылады. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының бет-жақ хирургиясы орталығында жылына Хасан секілді 30-35 балаға ота жасалады. Операциясы сәтті өткен 130 бала тіркеуде тұр. Дәрігер Бақыт Жаналинаның айтуынша, жырық таңдай не қоян жырықпен туылған балалардың бетін қалпына келтіру емі 15 жасқа дейін жалғасуы мүмкін. Орталықта бет-жақ хирургиясы, стоматологияға қатысты барлық маман шоғырланған. Қоян жырықтан құтылған баланың сөйлеу қабілетін осындағы логопедтің көмегімен қалпына келтіруге болады. Айта кетер жайт, балалар стоматологиясы мен бет-жақ хирургиясына қатысты ем-домның бәрі тегін. |
Количество показов: 2730
Дата создания: 10.02.2014 18:52:57
Guest
|
Кандай больница. Бул
|