Ақтөбеде жасөспірімнің өліміне әлімжеттік себеп болуы мүмкін
Өңірде кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған құқық бұзушылықтар қатары артып кетті. Жыл басынан бері полиция бөлімшелеріне тәртіп бұзғаны үшін 758 жасөспірім жеткізілген. Оның ішінде 638-і әкімшілік құқық бұзғандар, 52-сі қараусыз қалғандар. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар санын азайту үшін, сондай-ақ, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық полиция басқармасының қызметкерлері оқу жылының басынан бері 100-ден астам түсіндірме жұмыстары мен түрлі кездесулер өткізді. Соған қарамастан кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған тәртіп бұзушылықтар саны азаяр емес. Тіпті, өткен аптада қала мектептерінің бірінде болған төбелестің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Аталмыш оқиғадан кейін полиция қызметкерлері тәртіп бұзушылықтардың алдын-алу шараларын күшейте түсті. Бүгіннен бастап алдағы 5 күнде шаһардың барлық мектептері мен колледждерінде тәртіп сақшыларымен, психолог, заңгер мамандармен кездесулер ұйымдастырылып, ҚР заңнамаларын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осындай кездесулердің бірі бүгін Есет батыр атындағы мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің қабырғасында өтті. Жиынға қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев, облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров және заңгер, психолог мамандар қатысты. Еске салайық, ағымдағы жылы сәуірдің 11-і күні қаламыздағы Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасында 14 жастағы оқушы ауыр соққыдан көз жұмды. Алдын ала ақпарат бойынша, 8-сыныпта оқитын он баланы жоғарғы сыныптың оқушылары жатақхана бөлмесіне кіргізіп алып, "әлімжеттік жасаған". Қазір облыстық спорт басқармасы мен спорт мектебінің басшылығы бірігіп қызметтік тексеріс те жүргізіп жатыр. Мәселенің мән-жайы анықталған соң тиісті шаралар қолданылады, - дейді мектеп директоры.Атап өтейік, жуырда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бірнеше заңға қол қойған еді. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайту бойынша 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандардың жәбірленгені үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті.Количество показов: 334
Дата создания: 18.04.2024 06:12:30