Ақтөбеде жанар-жағар май бағасы тұрақты
Теңге құнсызданып, ел дүрбелеңге түскен кезде ақтөбелік көлік жүргізушілері бензин қорын жасақтауға асықты. Кеше кешке қаладағы жанар-жағар май құю бекеттерінде кептеліс туындап, жүргізушілер көлік отынын мейілінше көбірек құйып әкетуге тырысқан. Табиғи мополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбедегі департаменті мамандары бүгін осы жайтқа қатысты ресми мәлімдеме жасады. Қалада бензин бағасы тұрақты, әрі бақылауда. Доллар қымбаттаса, жанармай құнының шарықтайтынын болжаған ақтөбеліктер кеше жаппай жанар-жағар май құю бекеттеріне ағылған. Көпшілігі бензин қымбаттамай тұрып, көлік отыны қорын жасақтап алған. Бүгін бекеттерде дүрбелең байқалған жоқ. Бүгін ең өтімді саналатын АИ-92-93 маркалы бензин бұрынғысынша литріне 115 теңгеге құйылып жатыр. Бензин бағасы табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мамандарының қатаң бақылауында. Ведомствоның бас маманы Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, Ақтөбеде жанармай құнының өсуі байқалмайды. Жанармай құны шарықтамайтынын кеше премьер-министр Серік Ахметов те айтқан болатын. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бағаны қатаң бақылайтынын жеткізді. Бағаны негізсіз көтергендер жазаға тартылады, делінді. Бірақ, бензиннің бүгінгідей бағасы қанша уақыт сақталатыны айтылмай отыр. Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қазіргі бағаны ұстау тұрудың соңы тапшылыққа әкеп соқтыруы мүмкін екенін ашып айтты. |
Количество показов: 2239
Дата создания: 12.02.2014 19:13:54