Ақтөбеде сәуір айына дейін жететін картоп қоры бар
Девальвация дүмпуінен енді есін жия бастаған облыс тұрғындарын тағы бір сынақ күтіп тұрған сыңайлы. Биыл облысқа жауын-шашын әдеттегіден көп жауған. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымовтың айтуынша "Қазгидромет" жүргізген мониторинг дәл осындай қыс 2007 жылы болған. Түскен жауын-шашын мөлшері 114 мм құрап отыр қазір. Ал қалыпты меже - 45 мм. Аудандардағы жағдай да қаладағыға ұқсас. Әсіресе, Әйтеке би , Қарғалы, Темір және Мұғалжарға қар әдеттегіден көп жауыпты. Ірі су қоймаларын тексерген "Қазақ су шаруашылығы" мамандары жағдай қанағаттанарлық, тұрғындар үшін еш қауіп жоқ деген тұжырым жасағанымен, облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов еріген су мен өзен-көлдердің сыйымдылығының арасында алшақтық болуы мүмкіндігін айтады. Апат айтып келмейді, бәріне дайын болуымыз керек, деді бүгін төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу жөніндегі комиссияның отырысына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Қала және аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына қарсы комиссия мүшелерінің тәулік бойы кезекшілікті ұйымдастыруын, арнайы жару жұмыстарымен айналысатын ұйымдармен келісім-шартқа отыру, қалада, елді-мекендерде жаппай қар тазарту жұмыстарын ұйымдастыру, су тасқыны бола қалған жағдайда халықты сақтық шараларына үйрету, ораналастыру жайларын ұйымдастыруға тапсырма берді. Күзгі егін жинау науқанына дейін нан бағасы қымбаттамайды. Коммуналдық тарифтер де сақталады. Аудан әкімдерімен кездесуі кезінде облыс әкімі осылай деді. Және аудан басшыларына жағдайды бақылауларында ұстауды шегеледі. Бағаны шарықтатып жіберетін арандатушыларға жол бермеу керектігін айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібековтің айтуынша, қазір бөлшектік және көтерме сауда орындары бақылауда. Тұрақтандыру қорындағы картоп сәуір аяғына дейін жетеді. Жанар-жағар майдан 1,5 айға дейін таршылық көрмейміз, деді. Өңір басшысы жалақыны кешіктірмей, дер кезінде берілуін қадағалауды тапсырды. |
Количество показов: 1875
Дата создания: 22.02.2014 14:23:52