Ақтөбеде "Кока-кола" шығарылады
Ақтөбенің өз "Кока-коласы" болады. Алматылық "Кока-Кола Алматы Ботлерс" компаниясы өңірімізде сусын шығаратын зауыт тұрғызуға ниетті. Бұл мәселені қалалық әкімдік жанынан құрылған инвестициялық жобаларды қарастыру комиссиясы талқыға салды. Жаңа нысан іске қосылса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Тұрғындар жыл сайын 450 млн тонна "Кока-кола" сусынына қарық болады. Зауыт заманауи үлгіде салынбақ. Сусынның құтысының өзін қалада өндіреміз деп отыр компания өкілдері. Зауыттың бірінші кезеңі 2013-2014 жылдары іске қосылады. Ал екінші кезеңі 2020 жылы дайын болады. Бүгін "Алматы Боттлерс" компаниясының өкілдері қала әкімінің алдында жобаның таныстырылымын жасады. Алматылықтар шаһар басшысынан құрылыс үшін 15 га жер беруді сұрады. Бүгін инвестициялық жобалар жөніндегі комиссияның талқысына сусын шығаратын зауыттан бөлек 5 жоба ұсынылды. Олардың арасында асфальт бетондық қоспа өндіретін, жартылай ет фабрикаттарын шығаратын зауыт пен цех, жылыжай кешені және қонақ үй мен мейрамхана кешендері бар. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жөнінен ақтөбеліктер көштен қалған жоқ. Бизнестің даму картасы шеңберінде биыл 7 жоба іске асуда. Оның екеуі қазір қарқынды түрде жұмысын бастап кетті. Жаңа нысандарда 200-ге тарта адам қызмет етуде.Бүгін комиссияның қарауына ұсынылған жаңа 6 жоба-бұл тізімге кірмейді. |
Количество показов: 3490
Дата создания: 31.07.2012 19:06:47