Ақтөбеде 5000 жуық тұрғын уақытша жұмыспен қамтылды
Ақтөбеде бес мыңға жуық тұрғын уақытша қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілген. Солардың 60 пайызы ауыл тұрғындары. Ал 1200-ден астам ақтөбелік әлі де екі қолына бір күрек таппай жүр. Бұл туралы бүгін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Әмірғалиев мәлім етті.
Биыл облыста 14 мың 800 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл жұмыс орындарына жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша 2115 адам жіберілсе, "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы бойынша да мың жарым тұрғын еңбекпен қамтылып үлгерді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша осы жылы аталмыш бағдарламаны өңірде толықтай іске асыруға 4 млрд теңге қаржы бөлінді. Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша, биыл 1782 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, жастар тәжірибесіне 1497 түлек жіберілді. Кәсіптік оқуларға 450 млн теңге жұмсалыпты. Өңірде жастар жұмыссыздығының деңгейі республикамен салыстырғанда орташа деңгейде. 2013 жылы жергілікті бюджеттен "Жасыл ел", "Студенттік құрылыс жасақтары" жобаларына 90 млн теңге бөлінген. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек арқылы биыл 73 аз қамтылған отбасыға 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген. Тұрмысы төмен отбасыларда өсіп келе жатқан 18 мың балаға жәрдемақы тағайындалған. Мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша 2013 жылы облыстың 306 кәсіпорнында 700-дей мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасқан.
|
Количество показов: 2149
Дата создания: 14.11.2013 19:22:00