Ақтөбеде 4 адам суға батып кетті
Отбасымен демалуға келген бірнеше адам судың құрбаны болды. Өткен сенбі күні Әйтеке би ауданы, Темірбек Жүргенов атындағы ауылда қайғылы оқиға тіркелді. 1985 жылы туған ер адам мен үш бала тіл тартпастан суға батып кетті. Олардың жансыз денесін сүңгуірлер алып шыққан. Ырғыз өзеніне батқан үш адам Атырау облысының тумасы. Біреуі Әйтеке би ауданының тұрғыны. Балалардың жасы небары 7, 11 мен 13 жаста болған. Балғындар судың арғы бетінде жүзіп жүрген үйректерді тамашаламақ болған. Құстарға жақындау мақсатында судың тереңдігін ескермей әрі кеткен. Кейін бата бастаған бүлдіршіндерді көрген ер адам оларды құтқармақ болып оқталады. Өкінішке қарай, әкесі балалармен бірге суға батып кетеді. Сүңгуірлер 4 адамның денесін кешкі сағат 8 бен 10 ның аралығында жағадан 20 метр қашықтықта, 3 метр тереңдіктен алып шыққан. Статистикаға сүйенсек, биыл облысымызда 11 адам суға кетті. Оның бесеуі бала. Дені рұқсат етілмеген жерге шомылып, ажал құшқандар. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді.Количество показов: 345
Дата создания: 06.08.2024 08:30:37