Ақтөбеде 16 күнде 98 әйел ерлерден таяқ жеді
Елде адамдарды құлдыққа сату деректері тиылмай тұр. Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйымның көмегімен биыл 44 азамат еңбек құлдығынан босатылған. Бүгін - Халықаралық адам құқығын қорғау күніне орай, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінде "Адам саудасынан сақ бол!" атты тренинг өтті. Қалалық әйелдерді қолдау орталығының заңгері студенттерге құлдықтың түрлері, олардан алшақ жүру жөнінде мағлұмат берді. Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйым бағдарламаларының ассистенті Жұмажан Жолдасбековтың айтуынша адам саудасымен күрес бағдарламасы жүзеге асырылған 11 жылдың ішінде ұйым қызметкерлері 1 мыңға жуық азаматты құлдықтан құтқарып алған. Оның 37 -сі Ақтөбе облысының тұрғыны. Қазақстан азаматтары негізінен Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия мен Ресейге сатылады. Ал, біздің елге құлдыққа өзбекстандықтар көп әкелінеді. Олар құрылысқа, малшылыққа салынады. Құлдыққа сатылатын адамның құны - 200 доллардан басталады. Жалшылыққа 14 жастағы жасөспірімнен бастап, тоқсандағы қарияға дейін алынады. Олардың басым бөлігі өздерінің құлдықта жүргенінен бейхабар, -дейді Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйым бағдарламаларының ассистенті Жұмажан Жолдасбеков. Құлдықта болмаса да, күң сияқты өмір сүретін адамдар бар. Бұған қарашаның 25-нде бастау алып, бүгін мәресіне жеткен "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" акциясының нәтижелері дәлел. 16 күннің ішінде қалалық ішкі істер басқармасына тұрмыстық жанжалдың құрбаны болған 98 әйел арызданған. 52-нің күйеуіне жұбайына қарсы жұдырық жұмсап, балағаттауға тиым салынды. Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы Мәдина Асқарованың айтуынша, жарына тіл тигізіп, қол көтерген 19 азаматқа сот ерекше тәртіппен жүру жазасын тағайындады. Әкімшілік полиция бөлімінде тұрмысы төмен 264 отбасы тіркеуде тұр. Ішімдік ішіп, шаңырағының шырайын кетіретін әр үйдің отағасы құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында. |
Количество показов: 1805
Дата создания: 10.12.2013 18:07:37