Ақтөбе сандық телерадиохабар тарату жүйесіне көшті
Бүгін еліміздегі барлық облыс орталықтары телерадиохабар таратудың сандық жүйесіне көшті. Осылайша, Қазақстандағы 8 миллион халық төл арналардың бәрін жоғары сапада көретін болады. Ақтөбе қаласының тұрғындары кәдімгі үй антеннасына қосылған теледидардан отандық 24 телеарнаны тегін тамашалайды. Түйме басылған сәттен қаладағы барлық теледидарлар сандық форматта хабар тарата бастады. Бүгінге дейін 11 арнаны көріп келген ақтөбелік көрермендердің енді көрер қызығы көбейеді. Арналар қатарына «Балапан», «Мәдениет», «Білім», «Хит ТВ» секілді тағы отандық 13 арна қосылды. Бастысы, сандық жүйеге көшкелі экрандағы бейне мен дыбыс сапасы жақсарды. Жаңа форматқа көшпестен бұрын облыстық телерадиохабар тарату орталығының құрал-жабдықтары толықтай жаңартылған. Сандық теледидар таратқыштар, сапаны қадағалау қондырғылары сатып алынған. Қараша айында жүйе тестілеу тәртібінде жұмыс істеп, сынақтан өткізілді. Қазір сандық жүйеде хабар тарату аумағы қала мен оның маңайындағы 40-50 шақырым қашықтықта орналасқан 22 елді мекенді қамтып отыр. Бұл өңірдегі 400 мың халық отандық арналарға қол жеткізді деген сөз. Науқанның үшінші кезеңінде облыстағы 84 ауыл осы жүйеге қосылуы тиіс. Ал, 2015 жылдың аяғында еліміз толығымен сандық эфирлік теледидарға көшіп болады. |
Количество показов: 2091
Дата создания: 20.12.2013 18:32:26