Ақтөбе мен Қандағаштағы жылу онлайн тәртіпте бақыланады
Биыл Ақтөбедегі және Қандағаштағы жылу қазандықтарының жұмысы онлайн режимінде бақыланады. Бұл жаңашылдық бүгін "Нұр Отан" партиясы депутаттық фракциясының отырысында мәлім болды. Сондай - ақ халық қалаулылары коммуналдық салаға бөлінген бюджет қаржысының жұмсалу барысын талқылады. Биыл облыстың жылу жүйесіне, бу қазандықтарын күрделі жөндеуге 8,5 млрд теңге қаражат бөлініпті. Қандағаш, Шалқар қазандықтары да толықтай жөндеуді қажет етіп тұр. Олар келер жылдың еншісіне қалды. Облыстың жылу жүйесіндегі ақаулар енді тез арада қалыпқа келтірілуі тиіс. Себебі шенеуніктер енді кабинетінен шықпай-ақ онлайн тәртіпте облыс орталығындағы және Қандағаштағы жылу қазандықтарының жұмысын тексеріп отырады. Бұл жаңашылдықтың нәтижесін тұрғындар осы жылу маусымында сезінетін болады. Қазір 1568 тұрғын үй толықтай жылумен қамтылды. Жылу маусымы басталмай жатып шағымданып жатқандар жоқ дейді тұрғын үй инспекциясының басшысы Жұлдызбек Бисенбин. Иесіз көпқабатты үйлердің тұрғындары да баспана күтіміне бас қатыра бастаған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мамырғали Аққағазовтың мәліметіне сенсек, өңірімізде ауыз сумен, жарықпен қамтылмаған бірде - бір аудан жоқ. Депутаттар тұрғын үйлерді терможаңғырту бағдарламасын да назардан тыс қалдырмады. |
Количество показов: 2196
Дата создания: 18.11.2013 18:32:43