Ақтөбе көктемде суға кетпеуі тиіс
Биыл Батыс-2 ауданында облыстық жедел жәрдем бекетінің құрылысы басталады. Ал, жаңадан бой көтеріп жатқан "Нұр Ақтөбе" ауданында бір мезетте 500 адамды қабылдай алатын емхана салына бастайды. Бұл туралы бүгін қала әкімі Ерхан Омаровтың соңғы есеп беру жиынында белгілі болды. Кездесуге келген жұртшылық әкімнен қаланы жасылдандыруды, жолаушылар автобустарының жүру қозғалысын реттеуді және аялдамалар салуды сұрады. Дәл бүгін ақтөбеліктерді үрейлендіріп отырған бір жайт - ол көктемгі тасқын кезінде суға кетпеу. Биыл қыста жауын-шашын нормасынан бірнеше есе көп түсті. Жауған қардың мөлшері 102,2 миллиметрге жеткен. Алда ақпан айының 20 күні бар екенін ескерсек, ақ ұлпаның әлі жауатыны рас. Шаһар басшысы бүгін тұрғындарды тыныштандырып қойды. Ерхан Омаровтың айтуынша, коммуналдық мекемелер көктемгі су тасқынының алдын-алу қамына кірісіп кеткен. 2013 жылы атқарылған шаруалар жайын тізіп болған соң, әкім қалалық әкімдіктегі арнайы телефон нөміріне түскен сауалдарға жауап берді. Мәселен, Тургенев көшесінің тұрғыны шаһар басшысынан "Ұлпан" және "Химик" аялдамаларының арасында тағы бір аялдама қоюды сұраған. Ерхан Омаров мәселені зерттегендігін, бірақ, жаңа аялдаманы орнату көлік қозғалысы талаптары бойынша мүмкін еместігін айтты. Ал, Заречный-3 ауылы тұрғындарының сұрағы қанағаттандырылды. Елді мекенге су құбыры жыл соңына дейін тартылып болады. Есеп беру жиынына келгендер де сұрақтарын жаудырды. Зейнеткер Кемел Төлебаев қала әкіміне бір емес бес сауал қойды. Осы жылы 12 шағын ауданда 600 орындық, Заречный-4 ауылында 1000 орындық, Ақжар-2 ауылында 320 орындық мектептер оқушылар игілігіне беріледі. Ал, Жаңақоныста 600 оқушыға есептелген білім ордасының, Кірпіштіде 270 бүлдіршінге, ал Заречный-3-те 120 бөбекке арналған балабақшалардың құрылысы басталады. Сондай-ақ, биыл Сәңкібай батыр және Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында, 12 шағын аудандағы Сазды өзенінің бойында жаңа гүлзар пайда болады. |
Количество показов: 2505
Дата создания: 07.02.2014 19:12:27