«Ақтөбе» футбол командасы биылғы маусымда үздік атануы тиіс
«Ақтөбе» футбол командасы биылғы маусымда үздік атануы тиіс. Команданың биылғы құрамы жаңа жеті ойыншымен толықты. Түркиядағы кезекті жаттығудан 1 наурызда ғана оралған футболшылармен бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кездесіп, жергілікті командадан биылғы маусымда тек қана жеңіс күтетінін мәлімдеді. Ақтөбенің футболының үш жылдан бері бағы жанбай жүр. Бірақ, жанкүйерлердің шыдамы мықты. Футболшылардан әлі де үмітін үзген жоқ. Осылай деп сөзін бастаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 2013 жылы соңғы бес жылдағы жетістіктерді қайтаруды міндеттеді. Естеріңізде болар 2012 жылдың желтоқсан айы жергілікті футбол үшін жаңалыққа толы болды. Көп жылдан бері бапкерлік сапында болған Владимир Мұхановты Владимир Никитенко ауыстырды. Ақтөбеліктердің сүйікті капитаны Самат Смақов та көп уақыт өтпей Түркияға аттанды. Дегенмен қазіргі капитан Петр Бадло да тәжірибелі ойыншы. Вице- капитандар Марат Хайруллин мен Тимур Кападзелердің есімі де футбол сүйер қауым үшін бұрыннан таныс. Бас бапкер сенбіде басталатын маусымда жаңа ойын тәсілін көрсетеміз деп сендірді. 9 наурызда Өскеменде "Ақтөбе" мен "Восток" командалары арасында ойын өтеді. Биыл жергілікті командаға жаңадан жеті ойыншы келді. Араларында футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Сергей Гридин де бар. Ол «Ақтөбе» командасымен бір жылдық келісім шарт жасасты. Гридин бұған дейін «Цесна», «Каспий», «Алма-Ата», «Жетісу», «Тобыл», «Астана», «Шахтер» командаларында ойнаған. Ұлттық құрама сапында 11 ойын өткізіп, төрт гол соққан. Сондай-ақ биыл Андрей Сидельниковтың келісім-шарты тағы бір жылға ұзартылған. Футболшылар ел маусымында жақсы ойын көрсете отырып, шілдеде басталатын Еуропа лигасына қатысуға үмітті. 3 наурызда команда алғашқы матчқа орталық стадионда дайындық өткізген. Енді Өскемендегі ойынға аттанып кетпек. |
Количество показов: 2778
Дата создания: 05.03.2013 18:49:01