9 жастағы баланы қағып өлтірген жүргізуші сотталды
Өткен жылдың желтоқсан айында 9 жасар Ерболат Қиятовты қағып кеткен жүргізушіге үкім шықты. Жол апаты 2013 жылдың үшінші желтоқсанында кешкі алтылар шамасында болды. Ерлан Жұмағалиев ұлы мен қызын бассейнге алып бара жатқан. Қонаев көшесінің бойындағы жаяу жүргінші жолағынан өте бергенде жылдамдықпен келген автокөлік баласын қолынан жұлып әкетеді. Қызын жол жиегіне итеріп үлгерген ол ұлынан көз жазып қалады. Көлік қаққан баланың денесі оқиға орнынан 300 мертдей қашық жерден табылады. Жедел жәрдем көрсетілгенімен оның өміріне араша тұру мүмкін болмады. Өрімдей баланың өліміне себепкер болған жүргізуші болса оқиға орнынан ізін суытады. Куәгерлердің баяндауы, құқық қорғау органдарының дабыл қағуы, сондай-ақ сенім телефонына соғылған қоңыраудан кейін күдікті бір апта ішінде қолға түседі. Ол Заречный-4 елді мекенінде тұратын 46 жастағы ер азамат болып шықты. Көлік тізгініне ащы су ұрттап алып отырғаны анықталады. Оның үстіне қолында жүргізуші куәлігі де болмаған. Бүгін бес жылға сотталған айыпталушы сонымен қатар Ерболаттың ата-анасына моральдық және материалдық шығын ретінде 5,5 миллион теңге өтейтін болады. Ал баланың ата-анасы соттың бес-ақ жыл жаза кескеніне наразы. Өйткені мұны абайсызда емес, қасақана жасалған кісі өлімі деп санайды. Мас күйінде, оның үстіне көлікті құжатсыз тізгіндеген қаскөйді көлік жүргізу құқынан үш-ақ жылға айыру да санаға сыймайды деп ызаға булықты баласынан айырылған әке. Судья келіспеген тараптың аппеляциялық сотқа шағым түсіре алатынын айтты. |
Количество показов: 1701
Дата создания: 08.04.2014 17:58:04