6655 Әскери бөлімде осыдан 6 жыл бұрынғы лаңкестік құрбандарын еске алды
Зкт: Ақтөбедегі 66/55 әскери бөлімінде террорлық шабуыл кезінде екі әскери қызметші, бір сарбаз қаза тапты. Олар майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев пен сарбаз Досбол Сапар. Қаза болған соң оларға «Айбын» ордендері берілді. Ал әскери бөлімде батырларға арнап мұражай ашылып, ескерткіш тақта орнатылды. Қазір бұл жер бүкіл ел болып қаза тапқандарды еске алатын орынға айналды. Жыл сайын дәстүр бойынша мұнда митинг өтеді. Биыл еске алу шарасы әдеттегіден кеш өткізілді. Бұған елдегі саяси науқан референдумның өтуі себеп болған. Қаланың қазіргі тыныс-тіршілігінен 6 жыл бұрынғы қанды оқиғаның ізі де байқалмайды. Әркім күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүр. Десек те, сол күні жақындарынан айырылған жандардың жүрегі әлі де қан жылайды. 2016 жылдың 5-маусымында болған террорлық шабуылдан кіші лейтенант Берікжан Қалиев қаза тапты. Биыл шараға батырдың бауырлары келді. Қоғам тыныштығы, ел тұтастығы жолында батырлық танытқан жауынгердің отбасындағы орны бөлек болатын. Кішкентайынан ержүрек, батыл болып өскен Берікжан Қалиев бүкіл қазақ елінің мақтанышы,-дейді бауырлары. Отбасында қайғылы жағдай болса да, кішкентай Ерасыл өскенде ағасының жолын қуып әскери болуды армандайды. Отан қорғау-жігіттің міндеті, дейді 6-сынып оқушысы. Жұдырықтасудың бірнеше тәсілін білетін ол әзір таэквондодан күміс белбеу иегері. Террорлық шабуыл кезінде жараланғандардың бірі-21 жастағы Еламан Жанділдаев болатын. Қазір ол 27 жаста. Екі баланың әкесі. 66/55 әскери бөлімінің аға жүргізушісі. Атыс кезінде өкпесіне оқ тиіп, 4 ай ауруханада жатқан. Қанды оқиғаны былай деп еске алады. 2016 жыл. 5-маусым. Ақтөбе көшелерін қанға бояған террорлық акт. Бейбіт тұрғындардың өмірін қиған қаралы күн. Оқиға барысында 66/55 әскери бөлімінің үш қызметкерімен қоса, «Жедел күзет» фирмасының күзетшісі, «Паллада» қару-жарақ дүкенінің сатушысы, «Пантера» дүкеніне келген қарапайым тұрғын, «Паллада» дүкеніне келген бір бейбіт тұрғын мен 20- дан астам содыр көз жұмды. Оқиғадан кейін әскери қалашықта қауіпсіздік шарасы күшейтіліп, қосымша қорған жасалды. Мұнда қазір барлық жерде камера бар. Бақылау мұнарасы да жөнделді.
Количество показов: 639
Дата создания: 16.06.2022 18:50:57