58 жастағы азамат лифт шахтасына құлап кетті
Тәуелсіздік күнін тойлатып жатқанда Болашақ ауданындағы жаңа үйлердің біріндегі жеделсаты шахтасына адам құлады. 58 жастағы ер адам қазір облыстық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінде жатыр. 58 жастағы Жайлаубай Медетов ауыр халде. Туған-туыстарын танымай қалып жатыр. Тіпті ауруханаға неге түскені де есінде жоқ. Сөйлей де алмайды. Дәрігер-нейрохирург Мақсат Оразжановтың айтуынша науқастың жағдайы күрделі. Оқиға 16-шы желтоқсан күні түскі сағат бірлерде болған. Бөгенбай батыр көшесі №129-шы үйдің бірінші ғимаратында тұратын туыстарына қонаққа барған Жайлаубай Медетов жоғары қабатқа көтерілу үшін бірінші қабаттан лифт шақырады. Бірақ, келмеген соң екінші қабатқа шығып, тетікті тағы да басады. Жеделсатының есігі ашылған бойда кабинасының жоқ екендігін байқамастан ішіне еніп кетеді. Шамамен 5-6 метрдей биіктіктен құлаған Жайлаубай Медетов лифт шахтасында жарты сағаттай жатып қалыпты. Шахтадан оны лифтіні күтіп ұстауға міндеттелген жұмысшылар алып шыққан. Бұл Болашақ ауданындағы жаңадан тұрғызылған үйлердің бірі. Жеделсаты "Табыс-Ақтөбе" ЖШС-не қарасты. |
Количество показов: 2069
Дата создания: 18.12.2013 18:59:12