4 жастағы баланың мүгедек болып қалуына кім кінәлі?
Дәрігерлердің салғырттығынан балам мүгедек болып қалды. Әйтеке би ауданының тұрғыны Ақжамал Есмаханова мен Ғарифолла Жеткергенов кінәлі дәрігерлерден 10 млн теңге талап етіп отыр. Айтуларынша, жүгіріп жүрген Самғаттың пышаққа түскеннен кейін жағдайы қиындаған. Медициналық орталыққа өз аяғымен келген баланы ата-анасы көтеріп алып қайтуға мәжбүр болған. Самғатқа дәрігерлердің қойған диагнозы- Тетра́да Фалло́, жүректің ақауы. Тауы шағылған ата-ана ұлдарына ресейлік балалар кардиохирургы, профессор Кирилл Горбатиковтың өзі ота жасайды дегенде, қуанғандарын жасырмайды. Ота 6 сағатқа созылған. Бірақ, бәрі ойлағандай болмады. Медициналық орталықтың жансақтау бөлімінен шыққаннан кейін де кішкентай Самғаттың жағдайы оңалмаған. Керісінше, қиындап кеткен. Сапасыз медициналық қызмет көрсеткендіктен балам зардап шекті деп, сотқа шағым да түсірді. Моральдық шығын өтеуді талап етеді. Алайда, соттың шешімі Ақжамал Есмханаованың пайдасына шығарылмаған. Талап етушінің өкілі Сәлім Өтен мұнымен келіспейді. Себебі, оқиғадан кейін медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау департаменті орталықты тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталған. Ресейден ат терлетіп келген мүйізі қарағайдай мамандардың өзінің құжаттары талапқа сай келмеген. Төрттен кеткен Самғат әлі күнге сөйлей алмайды. Демеушілердің көмегімен екі жыл бұрын Кореяда емделіп келген. Содан кейін ғана баланың беті бері қараған. Толық айығу үшін ем-шараны жалғастыру керек. Бір ай емделу құны - 16 мың АҚШ доллары. Баланы мүгедек қылып қойған дәрігерлер қолымен істегендерін мойындарымен көтерсін, дейді Ақжамал Есмаханова. Баланың бойындағы ақауды отасыз емдеу мүмкін емес болатын. Соза берсе, баланың өміріне қауіп төнді, -дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қалиев. Баланың осындай жағдайға душар болуына да ақ халаттылардың қатысы жоқ деп отыр. Медицина саласының шенеуніктері мүмкін, болашақта, шетелдерде емдету жағын қарастырармыз дегенді жеткізді. |
Количество показов: 1945
Дата создания: 14.04.2014 18:21:49