3 әйелдің өліміне байланысты тексеру басталды
Өткен айдың соңында №3 қалалық емханада ем қабылдаған үш бірдей науқас қайтыс болды. Бұған дейін ақпарат құралдарында бірінен соң бірі көз жұмған әйелдердің өліміне актовегин препараты себеп болуы мүмкін деп жарияланған болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар мұны жоққа шығарды. Қайтыс болған үш науқастың бірі-50-ді еңсерген, екеуінің жасы - сексенге таяп қалған кейуаналар. Үшеуі де №3 қалалық емханада емделген. Дәрігердің нұсқауымен оларға актовегин препараты тағайындалған. Дәрі тамыр арқылы жіберілген. Науқастар араға 2-3 күн салып, бірінен-соң бірі қайтыс болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар мұны әшейін сәйкестік деп отыр. Емделушілердің қазасына созылмалы жүрек-қан тамыры аурулары себеп болуы мүмкін екендігін айтады. Үш әйел де №3 қалалық емханада дәрігерлік бақылауда болған. Күмәннің актовегинге түсуіне еш негіз жоқ, дейді Әсет Қалиев. Сертификаты бар препаратты ел аумағында қолдануға рұсат берілген. Дәл сол №3 емханада көз жұмғандардан бөлек 22 адамға осы препарат тағайындалған. Бәрі-дін-аман. Соған қарамастан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы қазір аталған емдеу мекемесінде актовегинге уақытша шектеу қойды. Қазір қалалық емханада тамыр арқылы дәрі қабылдаған науқастардың өліміне байланысты тексеру басталды. Тексерумен Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті айналысып жатыр. Облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен науқас бүгін үйіне шығарылады. Жағдайы- бірқалыпты. |
Количество показов: 1812
Дата создания: 09.04.2014 18:22:53