3 ауданда су жүрді
Облысымызда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Жауын-шашын мен ауа райының күрт жылынуы салдарынан ауылдарды су басты. Тас жолдарды су шайып, көлік қозғалысы қиындады. Әсіресе жағдай Байғанин, Ойыл, Темір аудандарында күрделі. Ойыл өзені арнасынан асты. Салдарынан Ойыл - Қайыңды тас жолының 7-ші шақырымында су тасқыны болған. Бірақ асфальтты су шаймады. Бұл жол былтырдан бері жөнделіп жатыр. Биыл аяқталуы тиіс. Құрылысшылар трасса бойымен екі су өткізгіш құбыр жүргізетін болды. Ал, Байғанин ауданында «Қарауылкелді - Оймауыт» автожолында көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Естеріңізге сала кетейік, тас жолдың 67-шақырымын қарғын су шайып кеткен болатын. Ауданда күн күрт жылынып, оның үстіне 6-7 наурыз күндері жаңбыр жауған. Салдарынан су жүрді. 11 наурызда барлық қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Көлік жолындағы қозғалыс қайта жанданды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сай, жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Темір ауданын да су басу қаупі сейілген. Өткен аптада Шұбарқұдық кенті мен Қызылжар шағын ауданын қызыл су басқан болатын. Ауданға арнайы техника тартылып, су тасқынына қарсы шаралар күшейтілді. Қазіргі уақытта аудан орталығына кіреберісте судың жүруі тоқтап, елді мекенде еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда. 6 наурыздан бері автожолдар мен көшелерде еріген қару суын сору және бұру бойынша облыстық су тасқынына қарсы штабқа мыңнан аса өтінім келген, барлығы дер кезінде пысықталған. Қазір қарғын су жүрген аудандардағы жағдай облыс әкімінің бақылауында.Количество показов: 681
Дата создания: 13.03.2023 11:22:36