2-сәуірде қасиетті Рамазан айы басталады
Күллі мұсылман асыға күткен қасиетті Рамазанның басталуына санаулы күндер қалды. Биыл ораза тұтамын деп ниеттенген жандар сәуірдің 2-сі мен мамырдың 1-і аралығында ауыз бекітеді. Қадір түні сәуірдің 27-сінен 28-іне қараған түні болады. Ораза ұстаған жан тек ас пен судан ғана емес, ғайбат сөз, жаман әдеттен тыйылады. Қасиетті 30 күнді құлшылыққа арнап, сауап жинауға асығады. Биыл Рамазан айында облыс мешіттерінде жамағатпен тарауих намазы оқылады. Мешіт маңында киіз үйлер тігіліп, 150 адамға дейін ауызашар дастарханы жайылады. Екі жыл бойы карантиндік шектеулерге байланысты мешіттерде көпшіліктің жиналуына тыйым салынған еді. Ораза мұсылманның 5 парызының бірі. Дегенмен, денсаулығы нашар, созылмалы дерті бар немесе қарт адамдар ауыз бекітуге міндеттелмейді. Олар, 3 мың теңге көлемінде фидия садақасын бере алады. Ал, пітір садақаның құны биыл 500 теңгені құрап отыр. Ақтөбеліктердің оразаға қатысты сауалдарына жауап беру үшін облыстық өкілдік Ramazan2022 мобильді қосымшасын іске қосты. Мешіттердің call-орталықтары да жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, қала мешіттерінен " Оразаға қатысты 150 сұрақ" кітабын тегін алуға болады.
Количество показов: 614
Дата создания: 30.03.2022 18:59:32