12 жастағы баланы ит талап өлтірді
12 жастағы Мадияр Шәкіраттың көп қан кетіп, дене жарақатынан қаза болғанын полиция растады. Алдын ала болжам бойынша баланы ит талап тастаған. №60-мектептің 6-сынып оқушысының өліміне қатысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалған. Нәтижесі 10-15 күнде белгілі болады.
Атап өтейік, елімізде заң бойынша ит-мысықты атуға рұқсат жоқ. Былтыр желтоқсан айында қабылданған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң биыл 2 наурызда күшіне енді. Оның негізінде төрт аяқтыларға жауапкершілікпен қарап, бірден өлтірмей, иесі анықталғанша 2 айға дейін ұстап бағу көзделген. Алайда, бұл заңның нормативтік-құқықтық әктілері әлі бекітілмеген. Ал, өңірде ит пен мысықтан зардап шеккен бала саны артып келеді. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдай бастады. Ал, жергілікті биліктің шара қолдануға қауқары жоқ. Қала іргесіндегі елді мекендерде, саяжай ұжымдарында иттер бос жүреді. Әсіресе көктемде олар күшіктеп, бұралқы иттердің қатарын көбейтеді. Учаскелік полиция қызметкерлері ит-мысық атуға қарсы жаңа заң шықпас бұрын 900-ден астам айыппұл салған. Оның 600-ден астамы иттің иесіне жазылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары өз жауапкершілігіне қатысты сұраққа да жауап берді. Облыс әкімінің орынбасары ретінде жауапкершілігімді сезінемін, деген Иманқұлов "жұмысты атқара алмадың десе, қызметімнен кетуге әзірмін", деді. Атап өтейік, иттердің балаларға шабуылдауы шаһарда алғаш рет орын алып отырған жоқ. Бұған дейін, мамыр айының соңында бір топ ит 13 жастағы қыз баланы қауып алған болатын. Дәрігерлер ота жасап қыз баланың аяғына 20, басына 3 жерден тігіс салған. Сондай-ақ, жақын күндері БАҚ-та біздің өңірдің ауылдарында бұралқы иттердің төрт түлік малға шапқаны жөнінде ақпарат тарады.
Количество показов: 741
Дата создания: 10.06.2022 19:27:18