1 жасар сәбиін жерлемей, 4 күн бойы үйінде ұстаған
Шетінеп кеткен 1 жасар сәбиін жерлемей, 4 күн бойы үйінде ұстаған ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Бұл жағдай маскүнем отбасын бақылауға алған еріктілердің арқасында белгілі болды. Қолайсыз отбасында 4 жасар тағы бір ер бала өсіп жатқан. Ол «Аяла» өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар орталығына орналастырылған. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында полиция департаменті, білім, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері мән-жайды айтты. Бұл отбасында барлығы 5 бала болған. Үшеуі бір әкеден, қалған екеуі екіншісінен. Балалардың бірі осыдан 9 жыл бұрын туа бітті жүрек ауруынан қайтыс болған. 3 баламен қалған кезде әйел ата-ана құқынан айырылған. Балалар мектеп-интернат, оңалту орталықтарына таратылған. Алайда ең кішісін әкесі сот арқылы өз атына жаздырып, тегін береді. Сөйтіп оңалту орталығынан баланы өзіне алады. 2022 жылы тағы бір бала дүниеге келеді. Жұптар сонда да түзелуді ойламаған. Былтыр қазан айында екі бала сәбилер үйіне тапсырылып, кейін ата-анасына қайтарылды. Яғни, екі бала ата-анасымен бірге тұрған. Отбасы анда-мында көшіп-қонып жүрген.Әйел соңғы жүктілігінде де дәрігерге қаралмаған. Сәби 34-ші аптада кесарь тілігімен дүниеге келген. Анасы балаларына ешқандай вакцина жасатпаған. Кенжесі 1 жас 21 күн толғанда көз жұмды. Шарананың шетінеуіне не себеп болғаны сот-медициналық сараптамадан соң белгілі болады.Шетінеген бөбектің әкесі әкелік құқығынан айырылмаған. Жұмысы бар, есепте тұрмағаны жөнінде анықтама беріп, бала отбасына жіберіледі. «Үміт» сәбилер үйінің мамандары да кішкентай сәби үшін ана сүті маңызды екенін айтқан. Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша іс қозғалды. Ата-анасы өз міндетін тиісті орындамағаны үшін тергеу жүріп жатыр.
Айта кетейік, облыста 333 қолайсыз отбасы есепте тұр. Биылдыққа үш адам ата-ана құқығынан айырылды.
Количество показов: 717
Дата создания: 08.03.2023 07:50:20