1-сәуірде атаулы әлеуметтік көмек үшін құжат қабылдай бастайды
Атаулы әлеуметтік көмекті биыл 30 мыңға жуық ақтөбелік алады. Ол үшін бюджеттен 4,5 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Былтыр мұндай көмек 20 мыңнан көп тұрғынға берілген. Бөлінген қаржы жетпесе жергілікті бюджеттен тағы бөлінетін болады. Биыл көп балалы отбасылардан құжаттар 1 сәуірден бастап қабылданады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында отбасының жан басына шаққандағы кірісін есептегенде арнайы мемлекеттік жәрдемақы, күміс, алтын алқалар үшін берілетін жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың ата-аналарына берілетін жәрдемақы, шәкіртақы қосылмайды. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кедейшілік шегінің мөлшері 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін ұлғайды. Құжаттарды көп балалы ата-аналар келесі айдың бірінен бастап тапсыра береді. Құжаттар ай соңына дейін қабылданады. Яғни, қай айда құжат тапсырылса көмек те сол айдан бастап төленеді. Көп балалы аналар атаулы әлеуметтік көмекті бір құжатпен ғана рәсімдей алады. Жеке басын растайтын куәлігін алып, жақын жерде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына барса болғаны. Қазір өңірдегі әр отбасының әлеуметтік картасы әзірленіп жатыр. Қала бойынша 7 арнайы орын дайындалған. Халықтық кеңсе, ХҚКО-тары, Алматы және Астана аудандарының әкімдіктері, бұрынғы Қурайлы мен Сазды ауылдық округтерінің әкімдік ғимараттарында арнайы мамандар отырады. Ал, аудан тұрғындары аудан орталықтарындағы жұмыспен қамту орталықтарына құжат тапсыра алады. Елді мекен тұрғындарынан жергілікті әкімдік мамандары құжат қабылдайды.
Количество показов: 2332
Дата создания: 27.03.2019 18:38:26