№1 емхананың көлік тұрағы неге жабық?
№1 қалалық емханадағы көлік тұрағы халық игілігіне пайдаланылмай тұр. Күніне 800 тұрғынды қабылдауға қауқарлы жаңа емхана 2010 жылы салынған болатын. Маресьев пен Кәсіподақ тұйығының қиылысында орналасқан емхана алды көліктердің тұруына тым тар. Ал мекеменің бас дәрігері Марат Биханов бұл мәселенің тез арада шешімін табуға құлық танытпай отыр. № 1 қалалық емхананың ауласында арнайы көлік тұрағы бар. Бірақ, мұнда бас дәрігер, емхана қызметкерлерінің темір тұлпарлары мен жедел жәрдем көліктері ғана қойылады. Емханаға келушілер емхананың алды бос болмаса көліктерін қоятын орын іздеуге мәжбүр. Ішке кірмеу үшін мынадай тиым салатын белгі мен шлагбаум орнатылыпты. Сондай-ақ бас дәрігер Маресьев көшесі мен Кәсіподақ тұйығының тым тарлығынан жедел жәрдем көліктері кептеліске жиі тап болады деп отыр. Мәселені оң шешу үшін такси мен емханаға келуші көліктерге тұраққа кіруге мүмкіндік те берген. Бірақ, ережені сақтамайтын жүргізушілер қиындық туғызып, көліктерін қалай болса солай тастап кете береді екен. Немесе екі көлік еркін сиятын жерге бір көлікті көлденеңінен қояды. Қазір дауға тап болған тұраққа сырқат тұрғындар ғана кіре алады. Ол үшін шлагбаум қасындағы күзетке емханаға не үшін келгеніңді түсіндіруің қажет. Медициналық мекеме "100 мектеп 100 аурухана" мемлекеттік бағдарламасымен осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген. Үлкен емхана күніне 800 тұрғынды қабылдауға қауқарлы. Емхана Тұрғындар қалашығы, Шанхай аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алайда дәл осы аудандардың тұрғындары көлік тұрағын емін-еркін пайдалана алмай отыр. |
Количество показов: 2036
Дата создания: 09.12.2013 19:11:14