«Қыс-2013» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындары басталды
Бүгін таңғы сағат 7-де дабыл соғылып, облыстағы барлық арнайы қызметтер төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығына жиналды. Бұл- республикалық «Қыс-2013» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындарының басталғандығының белгісі болатын. Жиын барысында 27 жедел штаб құрылып, арнайы қызметтердің қыс маусымына дайындығы пысықталды. Қала әкімінің орынбасы Геннадий Дудаков және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері техникалардың жағдайымен танысты. Қар құрсауында қалған елді мекендермен байланыс құралдары, жылыту бекеттеріне қажетті жабдықтар көрсетілді. Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Айбек Асановтың айтуынша, биыл қысқы маусымға 72 жылыту пунктін әзірлеу жоспарланып отыр. Инертті материалдар мен жанар-жағар май қоры да жеткілікті. Сағат он бірлер шамасында Ақтөбе жылу-электр орталығы аумағында апатты жағдай болды. Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан сәтте қысымдық коллектордың өткізгіш құбырлары жарылған. Дереу апат болған аумақ қоршалып, құтқару қызметтеріне қоңырау шалынды. Арнайы қызметтер жеткенше, апат болған аумақ қоршалып, Ақтөбе жылу-электр орталығының апаттың алдын алу тобы құбырдан аққан суды тоқтатып, құбырларды дәнекерлеу жұмыстарын бастады. Апат кезінде екі жұмысшы зардап шекті. Оқиға орнына жеткен апаттық медицина көлігі алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұл тактикалық жаттығу мекеменің төтенше жағдайға қаншалықты дайын екендігін анықтады. «Қыс-2013» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындарының республикалық маңызы бар. Оған төтенше жағдайлар қызметі мен азаматтық қорғаныс қызметтерінің барлығы жұмылдырылған. Жиын ертең аяқталады. |
Количество показов: 1992
Дата создания: 21.11.2013 19:34:32