Құрмыш ауданында су құбыры істен шықты
Махамбет Өтемісұлы мен Жамбыл көшелерінің қиылысында бүгін таңда ірі апат орын алды. Көше тұрғындары таңғы төрт пен бестің шамасында үйлеріне ене бастаған су сарылынан шошып оянған. Бірден бірнеше үй суға кетті. Жамбыл көшесінде орналасқан "Қазпоштаға" тиесілі ғимарат та зардап шекті. Ал апат Махамбет Өтемісұлы көшесі бойында болған. Диаметрі 600 мм-лік жерасты ауыз су құбыры жарылған. 2009-шы жылы салынған полиэтилен құбырдың жарылуына не себеп болғандығы әзірге белгісіз. Қазір апат орнында "Ақбұлақ" АҚ-ның мамандары мен техникалары жұмыс жасап жатыр. Махамбет Өтемісұлы көшесінде құбыр жарылған жерде асфальт опырылып жатыр. Арнайы техника келіп, шұңқырға түсіп кеткен жеңіл автокөлікті шығарып алды. Үй аулаларында да бел ортасына дейін суға толып, қаңтарылған көліктер тұр. Жер үйлердің сырттағы әжетханалары да ылғалға толып, нәжіс суы сыртқа тасып-төгіліп жатыр. Үй иелері не қыларларын білмей дал. "Ақбұлақ" АҚ-ының техникалары шамалары жеткенше жылдам әрекет етіп жатыр. Апат орнында акционерлік қоғамның бас инженерінің екі бірдей орынбасары жүр. Олар ертеңге жеткізбей жағдай реттеледі деді. Зардап келтірілген үйлердің шығындары есептеледі. |
Количество показов: 1920
Дата создания: 25.12.2013 19:50:28