Құрашай мектебінде сабақ тоқтатылды
Құрашасай ауылдық мектебінде сәуірдің екісінен бесіне дейін сабақ уақытша тоқтатылды. Оған елді мекен ішіндегі көшелерді су шайып кетуі себеп. Былтырдан бері Құрашасайда екі бірдей мердігер мекеме газ және ауыз су құбырларын жүргізіп жатыр. Ауылға көгілдір отын да, су да 100 пайыз берілген. Алайда қысқа таяу қазылған шұңқырларды жұмысшылар асығыс көмген. Көктем шыға қар аралас топырақ опырылып, ой-шұңқырларға су толды. Елді мекен ішінде ми батпақ. Балшық, суға толы шұңқырлардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қалалық білім бөлімі Құрашасай мектебінде сәуірдің екісінен бесіне дейін сабақты тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені былтыр ғана пайдалануға берілген жаңа мектептің айналасында ой-шұңқырлар көп, одан қалды көпірі жоқ сай бар. Жер кеппейінше бұл маңмен жүру қауіпті. Ауылға газ өткізген "Стройкорпорация Меден" ЖШС мен су өткізген "Нұрбер" серіктестігі ұқыптылығымен таныла қоймағанға ұқсайды. Ауыл ішінде бір сау көше қалдырмаған. Құрашасайда қазір ауыз су да, газ да бар. Оған 150 миллион теңге жұмсалған. Ал құбырларды өткізуге 5-6 шақырым шұңқыр қазылған болатын. Новый селолық округінің әкімі Бақыткелді Мыңжасаров шұңқырды көмген топырақ 1 метрге дейін отырғанын жеткізді. Жүргізушілер ауыл ішіне жеңіл көлікпен кіруге жүрексінеді. Ең болмағанда орталық көше асфальтталса деген тілектері бар. Селолық округ әкімі ауыл ішіндегі жолдарды салу үшін құрылыс-сметалық құжаты әзір деп отыр. Ауыл шетіне салынған жаңа мектепке де жол тарту қажет. Ал сайға көпір қажет. Қалалық әкімдікке осындай ұсыныс биыл жасалған. Ауыл мен мектепті жалғайтын жол бір шақырымнан асады. Оның құрылысына жобамен 120-150 миллион теңге қаражат қажет. |
Количество показов: 1907
Дата создания: 04.04.2014 18:33:19