Құрашасай ауылының тұрғындары автобус сұрайды
Қала іргесінде орналасқан Жаңақоныс, Құрашасай ауылдары электр жарығы, ауыз су және көгілдір отынмен қамтылған, байланыс, көлік қатынастары жолға қойылған елді мекендер санатына жатады. Новый селолық округінде халық саны жылма-жыл көбейіп, бүгінде ол 8 мыңға жеткен. Соның екі мыңға жуығы Құрашасай ауылын мекендеп отыр. Соңғы үш-төрт жыл төңірегінде дәл осы Құрашасай ауылында ықшам аудандар пайда бола бастаған. Өткен жылдары ауылға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға электр жарығы мен су желісі тартылыпты. Дегенмен халықтың арыз-тілегі жоқ емес. Құрашасайлықтар қалаға апаратын жолдың нашарлығын тілге тиек қылды. Араға жолаушы таситын №37 автобус осыны сылтауратып ауылға сирек қатынайтын көрінеді. Тұрғындардың талап-тілегі негізінде былтыр Құрашасай ауылында 150 орындық орта мектеп ашылыпты. Алдағы уақытта осы ауылдың ескі бөлігіне су, газ желілері жеткізіліп, жолдарға күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Осы жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сонымен қатар Жаңақоныс ауылында жалпы құны 866 млн. теңгені құрайтын 600 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, нысанды қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Жаңақоныс елді-мекеніндегі «Бірлік», А, В кварталдарына су апару мәселесі - басты назарда.
Ауылда шағын және орта бизнесті дамыту басты назарда тұр. Өйткені бұл субъектілер тұрғылықты халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге және кедейшіліктің алдын алуға көп жәрдемін тигізеді. Биыл мал тұқымын асылдандыру мақсатында Жаңақоныс, Құрашасай елді мекендерінде екі қолдан ұрықтандыру қосыны жұмыс жасайды. Болашақта Құрашасай ауылында жаңа мәдениет үйі бой көтеріп, ескі мектеп ғимараты орнынан балабақша ашылуы мүмкін.
|
Количество показов: 2402
Дата создания: 22.01.2014 19:35:38