Ірі компаниялардан экологияға тиіп жатқан зардап үлкен
Мұғалжар ауданының аумағында "Әлібек Южный" кен орны "Каспий Мұнай " АҚ-на тиесілі. Кәсіпорын ол кенішті 2006 жылдан бері игеріп келеді. 26 ұңғымасы бар. Оның тек екеуі ғана қолданыста. Қалғанын тоқтатып қойған. Экологтар компания қызметін биыл тамыз бен қыркүйек аралығында бақылаған. Нәтижесінде мұнайды жылыту пешінің бірінен көміртегі тотығының нормадан тыс мөлшерде ауаға тарап жатқаны белгілі болған. Сонымен қатар, компанияның табиғатты пайдалану шарттарын сақтамай отырғаны анықталды. Газдардың уыттылығы мен түтінін азайтатын катализатор қондырғыларын орнату жоспары орындалмай келеді. "Әлібек Южный" мұнай ұңғымасының маңында жер қабаты ластанған. Осы заңбұзушылықтардың барлығын түзету турасында нұсқаулық беріліп, кәсіпорынға 1 миллион 600 мың теңге шамасында айыппұл салынды. "Қазақтүрікмұнай" ЖШС 2000- жылдың басынан бері "Лақтыбай", "Оңтүстік Қаратөбе" кен орындарында көмірсутек шикізатын өндірумен айналысады. 18 ұңғымасының барлығы да жұмыс жасайды. Сондай-ақ 3 су ұңғымасы бар. Бұл кәсіпорын да табиғатты пайдалану шарттарын сақтамай отыр. Мұнайды жылыту пештерінен зиянды заттар шамадан тыс бөлініп жатыр. Мұнай ұңғымаларының айналасында топырақ қабаты ластанған. Кәсіпорынға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.Ал "Базальт- А" ЖШС Хромтау ауданында қиыршық тас өндірумен айналысады. Сарысай кенті тұрғындары шаң жұтып отырмыз деп шағымданғаннан кейін, бұл кәсіпорын жұмысы да экологтардың бақылауына алынған. Зауыттың шаң жинағыш құрылғысы толық қуатымен жұмыс жасап тұрған жоқ, онымен қоса ауаны сору жүйесі бұзылған.
Сонымен қатар, кәсіпорын қоршаған ортаға эмиссияларға арналған шарттарды сақтамаған. ҚР Әкімшілік құқыбұзушылық кодексінің 326 бабы 1 тармағы бойынша 229 725 тенге және 328 бабының 1 тармағымен 3 343 295 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Количество показов: 607
Дата создания: 04.10.2022 19:22:21